БІР ТЕҢГЕ
Біреулерді еңіреткен жоғалып,
Біреулерді қуандырған молайып.
Біреулердің ақ шалдырған самайын,
Біреулердің әрлендірген маңайын.
Біреулерге сорға біткен сора боп,
Біреулерге зорға біткен таба боп.
Біреулерге дауға біткен жала боп,
Біреулерге жалға біткен нала боп.
Біреулердің жүрегінде жайланлған,
Біреулердің маңдайына майланған.
Біреулердің таңдайына байланған,
Біреулердің мансабіна сайланған.
Біреулердің нәпісімен табысқан,
Біреулердің көңілдесі жабысқан.
Біреулердің махаббаты қауышқан,
Біреулердің ата жауы алысқан.
Біреулердің мылтығында оқталған,
Біреулердің табанында тапталған.
Біреулерде мәңгі бақи жоқ болған,
Біреулерде мәңгі бақи көп болған.
Біреулерді ұялтады өрлікпен,
Біреулерді мұңайтады қорлықпен,
Біреулерге құтаяды ұрлықпен,
Біреулерді көтереді зорлықпен.
Біреулерге намыс болып сезілген,
Біреулерге қарғыс болып көрінген,
Біерулерге тым обал боп желінген,
Біреулерге мың сауап боп төгілген.
Біреулердің төрі болып табылған,
Біреулердің көрі болып қазылған.
Біреулердің биік болып арынан,
Біреулердің арзан болған жанынан.
Біреулерді сағындырыған, шөлдетіп,
Біреулерді жалындырған терлетіп.
Біреуледі мәңгі бақи емдетіп,
Біреулерді қылған мәңгі кем-кетік.
Біреу болып көресің бе ғаламды,
Біреу болып сезесің бе бағаңды,
Бір Аллаға құл болуға асыққан
Бір өзіне құл қылмақ бар адамды...
Біреу үшін сілкіндіріп ғаламды,
Біреу үшін күрсіндіріп алаңды,
Бір ТЕҢГЕНІҢ,
Бір ТИННЫҢ осылай
Бірігіп ап мазалауы ай заманды...
Ахметұлы Б. Астана-15.02.2014